Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында мал ұрлап, етін сатқан екі жігіт ұсталды

Түркістан облысында мал ұрлап, етін сатқан екі жігіт ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ аудандық ПБ-ға жергілікті тұрғын өзінің екі бас қойын белгісіз біреу ұрлап кеткендігін айтып шағымданған. Онда көрсетілгендей, аулада орналасқан мал қорасына заңсыз кірген күдікті қойларын жымқырып, 80 мың теңге шығын келтірген.

Орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында ауданның тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары оқиға орнын мұқият тексеріп, көрген-білгендерден жауап алды. Сонымен қатар, іске белсене кіріскен созақтық сақшылар мал сататын орындарды да шолып шықты. Осылайша жүргізілген тиянақты істің нәтижесінде, мал ұрлығына қатысты күдікті екі жас жігіт ұсталды. Олар жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті жас жігіттер қамауда. Сондай-ақ, полиция қызметкерлерінің тындырымды еңбектерінің арқасында жас жігіттердің бұдан бөлек мал ұрлығының тағы үш жайтына қатысы бары анықталды. Онда екі бас қой мен бір бас сиыр ұрлап, жәбірленушілерге жалпы 400 мың теңгеге жуық шығын келтірген.

Белгілі болғандай, күдіктілер жәбірленушілердің үйіне кезек-кезек ұрлыққа түсіп, қолды еткен малдарын бірінің басқаруындағы жеңіл көлігіне салып алып кеткен. Ұрланған үй жануарларын ет сататын дүкендерге өткізген. Ал ақшасын бөлісіп, өз қажеттіліктеріне жаратқан.

Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-тармағы (Мал ұрлығы) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру