Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында мас күйде жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізуші қамалды

Түркістан облысында мас халде автокөлік тізгіндеп, жол-көлік оқиғасын жасаған азаматқа қатысты сот шешімі шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысының полицейлері ішімдік ішіп, көлік тізгіндеудің соңы сәтсіздікке алып келетінін айтып жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын күні-түні жүргізуде. Жүргізушілердің мас халде көлік басқармауын қадағалап, алдын алу бойынша қарқынды қызмет атқаруда. Осыған қарамастан өз өмірімен қатар өзгеніңде өмірін қатерге тігіп, масаң күйде көлік басқарушылар саны азаяр емес.
Мәселен Мақтаарал ауданы Атакент кентінде көлік құралын басқару құқығы жоқ азамат Daewoo Nexia автокөлігін алкогольдік масаң халде басқарып келе жатып, өз бағытында өтіп бара жатқан Toyota Camry маркалы автокөлігіне соқтығысып, көлік құралының бүлінуіне алып келген.

Оқиға орнына тәртіп сақшылары жедел жетіп, істің ақ-қарасын ажыратуға бірден кірісті. Аталған жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді. Жол көлік оқиғасын жасаған азаматқа қатысты мидициналық сараптама тағайындалып, қорытындысына сәйкес жеңіл дәрежелі масаң күйі белгілі болды. Полиция қызметкерлері орын алған оқиғаға байланысты іс-құжаттарды жинап, заңды шешім қабылдау мақсатында Мақтаарал аудандық сотына жолдады. Соттың шешімі бойынша спирттік ішімдік ішіп масаң халде көлік тізгіндеген азамат ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес кінәлі деп танылып, 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешімі шықты.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, оның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарсы жолаққа шықпау қажет. Жүргізушілер, үнемі жол қауіпсіздігі ережесін орындаса, тәртіпке бағынса, өз өмірі мен жолаушылардың өмірін сақтайтынын есте шығармағаны жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру