Түркістан облысында полиция бір тәулікте 500-ге жуық құқық бұзушылықты анықтады
Түркістан облысында полиция бір тәулікте 500-ге тарта құқық бұзушылықты анықтап, 32 көлікті айыптұраққа қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстың бас полицейі Мұрат Қабденовтің тапсырмасымен 20-22 тамыз күндері аралығында Сайрам ауданында профилактикалық іс-шара өткізіліп жатыр. Оған Түркістан облысы полиция департаментінің тиісті құрылым басшылары мен басқа аудандардан жеке құрам жұмылдырылды.
Қоғамдық қауіпсіздікке басымдық берілген іс-шараның алғашқы тәулігінде полиция басқармасына 52 тұлға жеткзілді. Профилактикалық есепте тұрған 64 тұлға мекенжайлары бойынша тексерілді. Жалпы, тәртіп сақшылары 496 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде қоғамдық сала бойынша – 46, жол саласы бойынша 450 дерекке хаттама толтырылды.
Мәселен, ұсақ бұзақылық бойынша – 22, қоғамдық орында мас халде жүруге қатысты – 8, белгіленбеген орында сауда жасау бойынша үш дерек анықталып, құқық бұзушыларға әкімшілік шара көрілді. Ал ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу бойынша – 4, егістіктер мен маяларды жою бойынша – 1, абаттандыру қағидаларын бұзуға байланысты үш дерекке жауапкершілік қаралды.
Тіркеусіз жүрген екі азамат анықталды. Түнгі уақытта қараусыз жүрген үш жасөспірімнің ата-аналары жауапқа тартылды. Жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен 32 тұрғынға шара көрілді. Арнайы айыптұраққа 32 автокөлік қойылды.
Іс-шара барысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қарама-қарсы қозғалысқа шыққан жүргізушілер дрон арқылы анықталды. Басқа да арнайы бейнебақылау камералары бар соңғы үлгідегі қызметтік көліктер пайдаланылды.