Түркістан облысында тәртіпке бағынбаған есептегі сотталған қамауға алынды
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Сауран аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған 56 жастағы сотталған заңды қаскөйлікпен бұзғаны үшін қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сотталғанның пробациялық бақылауындағы мерзімінің аяқталуына 8 ай 14 күні қалған болатын. Осыдан бес жыл бұрын соттың шешімімен ҚР ҚК-нің 120-бабы 1-бөлімен (Зорлау) кінәлі деп танылып, бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған болатын. Енді өзінің өтелмеген аз мерзімін абақтыда отырып өтейді.
– Сотталған азаматты есепке алу барысында пробация қызметкерлері оған сот қаулысы бойынша жүктелген міндеттер, Қазақстан Республикасы ҚК-нің 44-бабының (Бас бостандығын шектеу) және Қазақстан Республикасы ҚАК-нің 67-68-баптарына (Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу тәртiбi мен шарттарын бұзу), (Сотталған адамның бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін жауаптылығы) сәйкес, жаза өтеудің шарттары, тәртібі және жауапкершілігі жайында толық түсіндірілген болатын. Біз әрбір адамға пробация қызметінің есебіне алынған күннен бастап сот қаулысымен жүктелген жазаның өтеу шарттарын, міндеттерін, тәртібін, жауапкершілігін және құқықтарын толық түсіндіреміз. Сонымен қатар, сот жүктеген міндеттерін және бас бостандығын шектеу түріндегі жазаның өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзған жағдайда, сот тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін, дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылатыны жөнінде ескертіледі. Осыны біле тұра, жаза өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзып, сот қаулысымен бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігі, бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, қамауға алынып, жазасын түзеу мекемесінде өтеуге жіберіліп жатқандар кездеседі. Олардың осындай қателігін өзге сотталғандар қайталамас үшін әртүрлі тәрбиелік жұмыстар жүргізілуде, – деп түсіндірді Сауран аудандық пробация қызметі бөлімшесінің аға инспекторы Абылай Тлеулиев.