Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстандық және қырғызстандық тәртіп сақшылар ұрланған телефондарды анықтау бойынша бірлескен іс-шаралар өткізеді

Қазақстандық және қырғызстандық тәртіп сақшылар ұрланған телефондарды анықтау бойынша бірлескен іс-шаралар өткізеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзиннің Қырғызстан Республикасындағы жұмыс сапары Талас ауданында жалғасты. Департамент бастығы облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы Марлис Асановпен кездесті.

Кездесу барысында екі елдің полицейлері бірлескен күш-жігерді одан әрі үйлестіру және трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте ішкі істер органдарының жұмысын жандандыру және ақпарат алмасу бойынша келісім жасады.

Сонымен қатар, ұялы телефон ұрлығымен, контрабандамен, автокөлік ұрлаумен және заңсыз көші-қонмен күрестегі өзара іс-қимылдың нәтижелері мен басымдықтары талқыланды.

– Бүгінгі таңда ұялы телефон ұрлығы – екі мемлекет үшін де өзекті мәселе. Ұрланған гаджеттерді қылмыскерлер ел аумағынан шығарып, сатады немесе қосалқы бөлшектерге бөледі. Сондықтан “жедел желі” арқылы ұялы телефондарды ұрлаудың әрбір дерегі бойынша IMEI кодтардан ақпарат алуға қатысты механизмді әзірлеу, екі ел аумағында бірлескен іс-шаралар өткізу үшін жұмыс тобын құру қажет, – деді Арманбек Баймурзин.

Қырғыздық тәртіп сақшылары Қазақстанның ішкі істер органдарын жаңғырту, оның ішінде полиция қызметін цифрландыру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша халықпен өзара іс-қимылды жолға қою, сондай-ақ сервистік модельге көшу шеңберінде азаматтардың полицияға деген сенімін арттыру және олармен тиімді кері байланыс орнатуға қатысты жұмыстарға ерекше қызығушылық танытты.

Сондай-ақ, екі облыс арасында өңіраралық ынтымақтастықтың берік іргетасы қаланғаны атап өтілді. Мамандар бірлескен операциялар мен іс-шараларды жүргізеді, қылмыстарды бірлесіп саралайды, қылмыстық топтардың әрекеттерін әшкерелеп, есірткі тасымалын, заңсыз көші-қон арналарын анықтап, жолын кеседі.

Кездесу соңында тараптар екі ел полиция ведомстволарының қауіпсіздікті қамтамасыз ету және оған қарсы күрес жөніндегі өзара тығыз, мақсатқа бағытталған іс-қимыл жалғаса беретінін атап көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру