Түркістан облысында тазалық сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілді
Төлеби ауданында тұрғындарға тазалық сақтау талаптарын түсіндіру және қоршаған ортаның ластануына жол бермеу бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Учаскелік полиция инспекторлары Леңгір қаласындағы Е.Сәуірбай көшесінде тазалық жағдайын тексеру барысында тұрғын үйдің алдына құрылыс қалдықтарының шығарылғанын анықтады.
Аталған үйдің 42 жастағы тұрғынына қоғамдық аумақты ластауға жол бермеу және құрылыс қалдықтарын уақытылы жинау қажеттігі түсіндіріліп, ескерту жасалды.
Полиция қызметкерлерінің ескертуінен кейін тұрғын жұбайымен бірге құрылыс қалдықтарын жинап, үйінің аумағын ретке келтірді.
Сонымен қатар рейдтік іс-шара барысында 100-ге жуық тұрғынға тазалық сақтау талаптары түсіндіріліп, ескертулер жасалды. Ескертуге қарамастан талаптарды қайта бұзған тұрғындар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, қоқысты белгіленбеген орындарға тастамауға және ортақ аумақтарға жауапкершілікпен қарауға шақырады.
