Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында тұрғынның телефонын қолды еткен жігіт анықталды

Түркістан облысының полицейлері бассейнде тұрғынның телефонын қолды еткен жігітті анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, аудандағы бассейндердің бірінде оның OPPO A31 телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі – 80 мың теңге.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары хабар алған бойда оқиға орнына келді. Олар қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, аталған қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Полицейлер күдікті жас жігітті Полиция басқармасына жеткізді.

Белгілі болғандай, күдікті бассейнге демалу үшін барған. Ол киім ілетін жерде тұрған жәбірленушінің шалбарының қалтасындағы телефонды ешкімнің байқамай тұрғанын пайдаланып, қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Ұрлаған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру