Түркістан облысында үш жігіт жол жиегіндегі электр құрылғыларын жымқырып кеткен
Түркістан облысының полицейлері жаңа құрылып жатқан бағанадан электр құрылғыларын жымқырған үш жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жарықтандыру саласымен айналысатын мекемелердің бірінен ұрлық қылмысы бойынша шағым келіп түсті. Онда Шымкент – Самара тас жолының 54-60 шақырым арасындағы жол жиегінде орнатылған бағаналардан электр сымы, 120 дана Траверс ORG 56 материалы, 360 оқшаулағыш сынды электр құрылғылары ұрланғаны көрсетілген. Жәбірленуші тарапқа келтірілген шығын көлемі екі млн теңгеге жуықтады.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.
Орын алған ұрлық қылмысын ашып, ұрыларды құрықтау мақсатында полицейлер бірден іске кірісті. Көрген-білгендерден жауап алып, сұрастырды. Осылайша жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктілердің жеке басы анықталып, үш жас жігіт ұсталды. Тағы бір күдіктіге қатысты іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Тексеру кезінде күдіктілердің бұрын электрик болып жұмыс істегені анықталды. Олар өздеріне ақша қажет болғандықтан, оңай жолмен олжалы болғысы келген. Содан жаңадан орнатылып жатқан бағаналардағы жарық беруге, таратуға арналған құрылғыларды шешіп алып кеткен. Ұрлық әрекетін араға бірнеше күн салып, үш рет жасаған. Бүгінде күдікті үшеу қамауға алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.