Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында үздік полицейлер мен ардагерлер марапатталды

Түркістан облысында үздік полицейлер мен ардагерлер марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні мерекелеріне орай Жеңіс саябағында салтанатты шара өткізілді.

Салтанатты шараға Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, Полиция департаментінің жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері және басқа құрметті қонақтар қатысты.

– Ардақты ардагерлер мен әріптестер! Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушылар, 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтаймын! Бабаларымыз сұм соғыста қайсарлықпен жеңіске жетті. Ешқашан еңсесі түспеген, елімізді сақтап қалу үшін жанын тәуекел еткен. Сол себепті олардың ұрпағы үшін атқарған елеулі еңбегіне баршамыз бас иіп, алғысымызды айтуымыз керек. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бойындағы асыл қасиет ұрпаққа аманат! Ал олардан аманат ретінде бізге берілген кең-байтақ жеріміз, тіліміз бен дініміз мәңгілік мұра болып қалады. Ардақты ардагерлер, ішкі істер органдарының ардагерлері сіздердің жас ұрпаққа мәңгілік үлгісіздер! Әрқашан аман-есен арамызда жүргейсіздер! Ал қасиетті өңірдің тәртіп сақшылары облыста қылмысты болдырмау үшін аянбай еңбек етеді деп сенемін. Қос мереке баршаңызға береке, толағай табыс пен татулық сыйласын. Отбасыларыңызға ырыс пен ынтымақ, молшылық, бақ пен дәулет тілеймін, – деп облыстың бас полицейі мерекелік құттықтауын жеткізді.

Одан әрі құттықтау сөзін Түркістан облысының ПД Ардагерлер кеңесінің төрағасы О. Жанқожаев алып, өзінің ізгі тілегін арнады.

Мерекелік іс-шара полиция қызметкерлерінің ант қабылдауымен, сонымен қатар тәртіп сақшыларын және ардагерлерді марапаттау рәсімімен жалғасты. Яғни, өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендері үшін ҚР ІІМ тарапынан 18 полицейге түрлі дәрежедегі марапаттар ұсынылды. Түркістан облысы ПД-ның бастығы М. Қабденов ІІО-ның ардагерлерін алғыс хатпен марапаттап, 20-дан астам тәртіп сақшысына алғыс жариялады.

Оған қоса арнайы Даярлық және жұмылдыру басқармасының тәртіп сақшылары қылмыскерлерді ұстау кезіндегі іс-қимылдарын көрсетіп, жиналғандарды өздерінің мықтылығымен тәнті етті. Осылайша салтанатты іс-шара соңы дарынды полицейлер мен облыстық эстрада жұлдыздарының мерекелік концертіне ұласып, жеке құрамның салтанатты шеруімен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру