Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында заңсыз қоян атып жүргендер ұсталды

Түркістан облысында жарықтандырғыш құрылғысымен заңсыз қоян атып жүргендер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Отырар АПБ қызметкерлері аудан көлемінде қылмысты болдырмау, алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс атқаруда. Күнделікті келіп түсетін шақырту бойынша жедел жетіп, көмек қолын созады Тіркелген қылмыстарды “ізін суытпай“ ашып, күдіктілерді құрықтауда аянып жатқан жоқ. Қоршаған ортаны ластаушыларға, басқа қандай да бір әкімшілік құқық бұзушылық жасағандарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қажет кезде хаттама толтырылуда. Табиғатты қорғау бағытында да абыройлы қызмет етіп келеді.

Мәселен, кезекті шақырту бойынша оқиға орнына шыққан жедел-тергеу тобы заңсыз аң аулаушыларды байқап қалады. Нақтырақ айтсақ, Маяқұм-Балтакөл автожолының бойында далалы алқапта екі ер адамның ВАЗ-2107 көлігімен жарық күшейткіш прожектор қолданып, аң аулап жүргенінің үстінен түсті. Табиғатқа залал келтірушілер жергілікті тұрғын болып шықты.

Полицейлердің анықтауынша, күдіктілер өздерінің жеке көліктерімен аң аулауға келген. Содан тыйым салынған жарықтандырғыш құрылғысын пайдаланып, қару көмегімен жабайы қояндарды заңсыз атқан. Полицейлер айғақты зат ретінде ұсталғандардың көлігінен екі қоян етін, 12 калибрлі аңшы мылтығын тауып, тәркілеп алды.

Аталған жайт СДТБТ-ға енгізіліп, ҚР ҚК-нің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша тіркелді. Қазіргі таңда іс бойынша күдіктілердің мемлекетке келтірген материалдық шығындары есептелуде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру