Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында жол апатынан жолаушы көз жұмды: мас жүргізуші қамауға алынды

Түркістан облысының полицейлері автокөлікті мас халде тізгіндеп, жол-көлік оқиғасын жасаған күдікті азаматты қамауға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ АПБ-ға Шолаққорған орталық жедел жәрдемінен хабарлама түскен. Онда Шолаққорған-Жартытөбе бағытындағы тас жолының бойында жол-көлік оқиғасы орын алғандығы туралы көрсетілген. Полиция қызметкерлері аталған жайт бойынша толық құрамда оқиға орнына бет алды. Полиция қызметкерлерінің жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде аталған жолдың 106-226 шақырымында “Daewoo Nexia” маркалы автокөлігінің жүргізушісі автокөліктің руліне ие бола алмай қалып, жолдың оң жақ бетіне шығып кетіп, жол-көлік оқиғасын жасаған. Орын алған апаттың салдарынан бір жолаушысы оқиға орнында көз жұмған. Сонымен қатар тәртіп сақшылары автокөлік жүргізушісінің көлікті мас халде басқарғанына күдіктенді. Осылайша медициналық сараптама тағайындап, қорытындысына сәйкес күдікті азаматтың автокөлік құралын спирттік ішімдік ішіп басқарғаны белгілі болды.

Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 345-бабы (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Қазіргі таңда күдікті азамат қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жолаушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Мас күйінде рульге отырмаңыз, бұл қалпына келтірілмейтін салдарға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарама-қарсы қозғалыс жолағына шықпау қажет. Жүргізушілер, есіңізде болсын: жол қателіктерді кешірмейді, жол ережесін сақтаңыз, бұл сіздің өміріңіз бен жолаушыларыңыздың денсаулығын сақтауға көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру