Түркістан облысында «Жолдағы балалардың қауіпсіздігі – қоғамның қамы» ЖПІШ өтуде
Отырар ауданында «Жолдағы балалардың қауіпсіздігі – қоғамның қамы» ЖПІШ өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14-23 ақпан аралығында республика көлемінде «Жолдағы балалардың қауіпсіздігі – қоғамның қамы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл шараға Түркістан облысының полицейлері де ат салысып, түрлі шаралар ұйымдастыруда.
Мәселен, Отырар АПБ қызметкерлері аудандағы білім беру мекемелеріндегі оқушылар мен балабақшалардағы бүлдіршіндерге жолда жүру ережелерін түсіндіруде. Іс-шараның үш күнінің өзінде 10 мектеп пен екі балабақша қамтылды. Яғни, мұнда полицейлер жол белгілерін таныстырып, түрлі көрнекілік құралдарын пайдалану арқылы жұмыс жасауда. Жол ережесін сақтау жөніндегі бейнежазбалар көрсету арқылы да балаларға түсіндірілуде. Сондай-ақ, жолдарда жаяу жүргіншілер жолағы мен басқа да тиісті белгілерді қайта жаңартуға ұсыныстар беруде.
Өздеріңізге белгілі, бүгінде жас балалардың қатысуымен болатын жол апаттары жиі кездесіп жатыр. Бұндай жағдай балалардың жолда жүру ережесін білмеуінен және жүргізушілердің шектен тыс жылдамдықты арттырғанынан болады. Осыған байланысты полицейлер жол белгілерін көрсете отырып, мүмкіндігінше түсіндіру жұмыстарын атқаруда.