Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында жұмыс берушінің үйіне ұрлыққа түскен жұмысшы ұсталды

Түркістан облысының полицейлері жұмыс берушінің үйіне ұрлыққа түскен жұмысшыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, белгісіз біреу оның үйіне заңсыз кіріп, жатын бөлмеде орналасқан шкафтың ішінен үш дана алтын жүзік, бір дана алтын сырға және білезігін жымқырып кеткен.

Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 500 мың теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.

Ақпарат алысымен бәйдібектік қырағы полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Куәлардан жауап алынды. Есепте тұрғандар тексерілді.

Бейнебақылау камералары мұқият қаралды. Нәтижесінде жедел ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталды. Ол жәбірленуші әйелдің үйінде 2-3 күн алдын шаруашылық жұмыстарын жасаған жұмысшы болып шықты. Яғни күндізгі уақытта үйде ешкім болмайтынын білген ер адам, үй иесі кетті-ау деген уақытта келіп, үйдің пластик терезесін арнайы құрылғы арқылы ашып заңсыз кірген. Содан кейін қолына ілінген бағалы заттарды алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Ал ұрланған алтын бұйымдарын Шымкент қаласындағы ломбардқа өткізіп ақшасын өз пайдасына жаратқан.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз үйлерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Үйден шықсаңыз, тіпті аз уақытқа болсын сыртқы есіктер мен терезелерін сенімді жауып жүріңіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру