Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында жыл басынан бері жылдамдықты асырған 200 мыңнан астам жүргізуші анықталды

Түркістан облысында жыл басынан бері жылдамдықты асырған 200 мыңнан астам жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.Түркістан облысы Полиция департаментінің әлеуметтік желідегі Instagram және Facebook ресми парақшаларында әр аптаның жұма күні брифинг өткізіледі. Аталған іс-шара тікелей эфир арқылы жүзеге асырылады. Бұл аптадағы брифингте “Жол қозғалысы саласындағы құқықтық қызметтің тоғыз айдағы қорытындысы” туралы айтылды.

Спикер ретінде ТО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ұлықбек Мылтықов қатысты.

Жалпы облыс полицейлерімен 2021 жылдың тоғыз айында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қарқынды іс-шаралар ұйымдастырылып, нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны 21,6 пайызға төмендеген. Ал жарақат алғандардың саны 26,9 пайызға азайған. Жалпы жол қозғалысы ережесін сақтамаған 480 мыңнан астам жүргізушіге қатысты тиісті хаттамалар толтырылып, жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал мас халде көлік басқарудың 770 дерегі анықталған.

Полиция полковнигі Ұ.Мылтықов өз сөзінде:

– Негізінде жол-көлік оқиғаларының көп кездесетін себептері, олар жылдамдықты арттыру, жолдың қарсы бағытына шығу, маневр жасау ережелерін бұзу, көлік басқарып келе жатып қалғып кету, ішімдік ішіп рульге отыру. Мысалы, қозғалыс жылдамдығын шектен тыс арттыру, бұл бойынша жыл басынан бері 221 070 жайт анықталған. Қарсы қозғалыс жолағына шығу бойынша 606, көлікте отырып ұялы телефон қолдану бойынша 5181, жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қағидаларын бұзуы бойынша 32 593 құқық бұзушылық тіркелген. Сондықтан жолға шыққанда сақ болыңыздар! Біздің мақсат айыппұл салу емес, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жол апаттарының алдын алу. Осы бағытта “Құқықтық тәртіп”, “Автобус”, “Қауіпсіз жол” деген секілді түрлі жеделдетілген-профилактикалық іс-шаралар өткізіп келеміз. Оған қоса 265 жол белгілері, 38 бағдаршам, 86 сигналды бағана, 123 п/метр доңғалақ қағар орнатылды. Жол қоршауларының қиылыстарына 31 буфер қойылды. 29 жаяу жүргінші өткелдері жаңартылды. Облыс автожолдарында көлік құралдарымен жасалатын әкімшілік құқық бұзушылықты автоматты түрде анықтайтын 62 дана бейнебақылау камералары орнатылып, жұмыс істеп тұр.
Ең бастысы жолаушы да, жүргізуші де жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауы қажет. Сондай-ақ тұрғындарға төрт-түліктерін қараусыз жібермеуді қатаң бақылауға алуын ескертеміз. Кей сәттері жол бойында қараусыз жүрген малдардың салдарынан, орны толмас апатты жағдайлар тіркеліп жатыр, – деп атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру