Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының бас полицейі аудандарды аралап, тұрғындармен тілдесті

Түркістан облысының бас полицейі аудандарды аралап, тұрғындармен тілдесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі істер органдарына жүктеген тапсырмаларын мүлтіксіз орындау мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері өз қызметтік міндеттерін атқарып келеді. Мәселен ағымдағы жылдың басты жаңалығы департамент бастығы мен аумақтағы полиция құрылымдары басшыларының елге есеп беруі болса, оның жалғасы ретінде аудандарды аралау болды.

Яғни бұл жолы Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков облыстағы Жетісай мен Мақтаарал аудандарына іссапармен барып, полицейлердің жұмысын пысықтады.

Алдымен Жетісайға барған басшы сол ауданның полиция бөлімінің бастығы Ермахан Абдрамановтың жыл бойына атқарған есебімен танысты. ҚР ІІМ тарапынан бірнеше үздік қызметкерлерді марапаттады. Содан соң атышулы қаржы пирамидасының құрбаны болған тұрғындардың бірнешеуін карантин талаптарын сақтай отырып, қабылдап, мәселелеріне мән берді. Полиция басшысы талай тұрғындарды сан соқтырған қаржы пирамидасы ісіне жақын айларда нүкте қойылып, сотқа жолданатынын айтты.
Сонымен қатар ауыл ақсақалдарымен жүздесіп, тірек пунктерге арнайы аялдады.

Ондағы бекітілген учаскелік полиция инспекторларының жұмыс жасауына тоқталды. Осыдан соң полиция генерал-майоры ат басын Мақтааралға тіреді. Ол жақта да ауданның полиция басшысының есебін тыңдап, тірек пунктерді аралады. Жергілікті халықпен маңызды сұрақтар бойынша кездесіп, Мақтаарал АПБ бастығы Әділбек Сапарбековке тапсырмалар жүктеді. Мұнда да халықпен тығыз байланыста болатын учаскелік инспекторларының жұмыс жүргізуін тікелей бақылады.

Сондай-ақ полиция генерал-майоры Қ.Дәлбеков:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әрбір полицей халыққа қолжетімді және жұртқа жақын болуы керек. Ол үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Яғни департаментіміздің әлеуметтік желіде ресми парақшалары және менің жеке парақшам бар. Сондықтан парақшаларға сауалыңызды жолдауға немесе менің жеке қабылдауыма жазылуға болады. Ал облыс көлеміндегі барлық учаскелік тірек пунктері ҚР ІІМ талабына сай болуы тиіс. Бұл ретте жөндеуді қажет ететін ғимараттар жөнделіп, учаскелік полиция инспекторларының халыққа ашық және тығыз байланыста болып, қылмыстардың алдын алуы үшін барлық жағдай жасалатын болады. Полицейлерден талап етілетіні өз жұмыстарын жоғары деңгейде атқарып, қызметіне әрқашан адал болуы. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды күн тәртібінен түсірмейміз, – деді.

Айта кетейік, полиция генерал-майоры өткен жылдың соңында Төлеби мен Ордабасы аудандарына да арнайы іссапармен барып қайтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру