Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері 150-ге тарта тұрғынды алдаған алаяқ әйелді ұстады

Түркістан облысының полицейлері 150-ге тарта тұрғынды алдаған алаяқ әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл туралы бүгін брифингте Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов:

– Түркістан облысы Полиция департаментіне банк қызметкерінен онлайн-несие рәсімдеуге қатысты күмәнді жайттар, яғни күдікті белсенділік орын алғаны туралы хабарлама келіп түседі. Ақпарат алысымен полицейлер шұғыл іске кірісті. Жедел уәкілдер тексеру кезінде, жергілікті тұрғындар құрбан болуы мүмкін алаяқтық әрекеттер бар деген қорытындыға келді. Аталған жайтты бірден ҚР ҚК-нің 190-бабы (Аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша Сайрам АПБ-нің СДТБТ-на тіркеді, – деп мәлімдеді.

Орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында Полиция департаментінде жедел-тергеу тобы құрылды. Өзгенің ақшасын оңай жолмен иеленіп, сан соқтырғанды ұстау шаралары жедел уәкілдермен жүйелі жүргізілді. Мұндай қылмыстарды ашудың күрделілігі алаяқтардың басқа елдердің аумағында отырып-ақ әрекет етуінде. Күдіктілердің жеке басын анықтау бойынша үлкен және өте мұқият жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде ТО ПД Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің жеке-басын анықтап, оны ұстады. Ет сатумен айналысатын күдікті жас әйел Сайрам ауданына қарасты ауылдардың бірінің тұрғыны болып шықты. Бүгінгі таңда сот оны екі айға қамауға алуға санкция берді.

– Белгілі болғандай, күдікті соңғы үш ай ішінде жәбірленушілерге “әр балаңызға 50 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек алып беремін” деп, сенімдеріне кірген. Содан кейін жәбірленушілерден алған құжаттарын пайдаланып, онлайн-несие рәсімдеген. Алдау жолымен алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған. Осылайша, бүгінде күдіктінің аталмыш алаяқтық әрекетіне байланысты полицияға жүгінген азаматтардың саны 147 жетті, олардың барлығы жергілікті тұрғындар. Қазір тергеушілер сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Алаяқтық құрбандарының саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Біз оқиғаның толық мән-жайын анықтап, келтірілген шығынды есептейміз, – деп атап өтті ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.

Сондай-ақ, полиция подполковнигі азаматтарға күмәнді қызметтерді ұсынатын бейтаныс адамдарға мүлдем сенбеуге кеңес береді. Ешқандай жағдайда және ешқандай сылтаумен алаяқтық әрекеттердің құрбаны болмау үшін жеке деректер мен құжаттарды бөтен адамдарға бермеңіздер. Егер белгісіз біреулер сізден банк картасының деректерін, ПИН-кодтарды, СМС-тен алынған кодты және өзге де дербес деректерді сұрайтын болса, онда олар алаяқтық болып табылады, өйткені банк қызметкері мұндай мәліметтерді ешқашан сұрамайды. Кез келген жағдайда Сіз, қызмет көрсетілетін Банктің Call-орталығына хабарласып, қажетті ақпаратты біле аласыз.

Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру