Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері бірнеше миллион теңгенің мал ұрлығына қатысы бар қылмыстық топты ұстады

Түркістан облысының полицейлері бірнеше миллион теңгенің мал ұрлығына қатысы бар қылмыстық топты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция қызметкерлері Келес және Сарыағаш аудандары аумағында сиыр мен жылқы ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты ұстады. Аталған мал ұрылары өткен жылдың желтоқсан айынан бастап ауыл тұрғындарының аулаларынан ұрлыққа түсіп, 6 мал ұрлығын жасап, жалпы көлемі 5 миллион теңгеге жуық шығын келтірген.Аталған жайттарды полицейлер ҚР ҚК 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, күдіктілерді іздеуге кірісті. Облыстық полиция департаментінде тәжірибелі қызметкерлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу барысында полицейлер, аталмыш мал ұрлығына бір қылмыстық топтың қатысы бар болуы мүмкін деген қорытындыға келді.
Анықталғандай соңғы мал ұрлығы ағымдағы жылдың мамыр айында Келес ауданында орын алған. Ұрылар түнгі уақытта жергілікті тұрғынның ауласына заңсыз кіріп, екі бас жылқыны жымқырып кеткен. Осыдан соң ұрланған малдардың иесі, өзіне екі миллион теңге шығын келгенін жеткізіп, аудандық полиция бөліміне арызданған.

Осы ұрлық қылмысын ашып, күдіктілерді ұстау мақсатында Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция қызметкерлері ауқымды және тыңғылықты жұмыстарды атқарды, соның нәтижесінде мал ұрыларының ізіне түсті. Яғни, жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер Алматы қаласынан екі күдіктіні ұстады. Ал түркістандық жедел уәкілдер ізін жасырып, қашып жүрген қылмыстық топтың үшінші қатысушысын 1 тәулік ішінде Нұр-Сұлтан қаласынан ұстады. Ұсталғандар Түркістан және Алматы облыстарының тұрғындары болып шықты. Олардың біреуі бұрын бірнеше рет сотты болған.

Анықталғандай, күдіктілер ұрланған малдарды “Газель” автокөлігімен Алматы облысына апарып, Шымкент қаласы мен Нұр-сұлтан қаласының сатып алушыларына сатқан, ал ақшаны өзара бөліскен. Тәртіп сақшылары ұрланған малды сатып алушылар мен автокөлік жүргізушілерін анықтады. Айғақты зат ретінде ұрланған үй жануарларының бір бөлігі және “Газель” автокөлігі тәркіленді.

Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауда. Тергеу күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын нақтылайтын болады.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға үй малын сақтау бойынша шаралар қабылдау қажеттігін ескертеді. Өздерінің қора-жайларын нығайтуға, малдарын сырғалауға, сондай-ақ жайылымға мал жаю үшін бақташылар жалдауға кеңес береді. Егер сіз мал ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру