Түркістан облысының полицейлері браконьерден 100 келіден астам балық тәркіледі
Түркістан облысының полицейлері браконьерден 100 келіден астам балық тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 сәуір мен 31 мамыр аралығында Түркістан облысының аумағында полиция қызметкерлерімен балық уылдырық шашу кезеңінде браконьерлік деректерін болдырмау және жолын кесуге, сондай-ақ балық пен балық ресурстарын заңсыз өндіруге, тасымалдауға және сатуға байланысты құқық бұзушылықтар мен экологиялық қылмыстардың алдын алуға және анықтауға бағытталған «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп, бірқатар заңсыздықтардың жолы кесілуде.
Мәселен, Жетісай ауданында аталған іс-шараның алғашқы тәулігінде Түркістан облысы ПД табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері, «Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» және «Охотзоопром» өкілдерімен бірлесіп, Шардара су қоймасында браконьерлік жайтын анықтады.
Яғни, тәртіп сақшылары заңсыз балық аулаумен айналысқан Жетісай ауданының тұрғынын ұстады. Тексеру барысында полицейлер күдіктінің ВАЗ көлігінен 100 келіден астам ауланған балық, оның ішінде 75 сазан, резеңке етік, төрт жарықтандырғыш құрылғы және басқа да заттай дәлелдемелерді тәркіледі.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ал браконьер одан әрі тергеу жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізілді.
Айта кетсек, «Уылдырық» жедел-профилактикалық шарасы барысында ҚР ҚК-нің 335-бабымен (Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) екі дерек анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабымен (Балық аулау және балық ресурстары мен басқа су жануарларын қорғау ережелерін бұзу) бойынша бес әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.