Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері егістікке есірткі еккен тұрғынды ұстады

Түркістан облысының полицейлері егістікке есірткі еккен тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның бірі есірткі өсірумен айналысады деген хабарлама келіп түсті. Аталған жайт СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 300-бабы (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Хабарлама түскен сәттен бастап тәртіп сақшылары, бірден жедел-іздестіру шарасына кірісті. Осылайша ақпарат көздері арқылы күдікті тұрғынның жеке-басы мен мекенжайы анықталды. Ол бұрын ұрлық жасап сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.

Күдікті ер адамның Біртілек ауылдық округіне қарасты егістік алқапты жалға алып, есірткі еккені анықталды. Алқаптан сегіз түп есірткі өсімдігі тәркіленді. Өз кезегінде тұрғын, аталған есірткіге ұқсас өсімдікті егіп-өсіргенін толығымен мойындайды. Сондай-ақ айғақты зат ретінде алынған өсімдіктерге сот-сараптамалық зерттеу тағайындалды. Сараптама нәтижесімен алынған түптер марихуана есірткі заты болып шықты. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, күдіктінің бас шарасы – қолхатта.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері заңсыз, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді еккені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Оған қоса тәртіп сақшылары есірткінің қоғам дерті екендігін ұмытпай, оны өсіріп, қолданып, тасымалдағандармен күресуді күшейтуде. Сондықтан Сіз, есірткі бойынша қандай да бір ақпараттарды білсеңіз бірден полицияның “102” нөміріне хабарласыңыз. Бұл өз кезегінде есірткіге байланысты қылмыстардың азаюы мен жолын кесуге септігін тигізеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру