Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері егістікті жалға алып, оған сора еккен тұрғынды ұстады

Түркістан облысының полицейлері егістікті жалға алып, оған сора еккен тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына Келес ауданында тұрғынның бірі есірткі затына ұқсас өсімдіктерді баптап өсіріп жатқандығы туралы хабарлама түседі. Ақпарат алысымен Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тез арада іздестіру жұмыстарын жүргізді. Аталған жайтты СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 300-бабы (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізді.

Келестік тәртіп сақшылары заңмен тыйым салынған өсімдікті егумен айналысатын тұрғынды анықтауға бірден кірісті. Жан-жақты жүргізілген жедел-шаралардың нәтижесінде ақпарат көздері табылып, күдікті тұрғынның жеке-басы мен мекенжайы анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Күдікті ер адамның Біртілек ауылдық округіне қарасты егістік алқапты жалға алып, есірткі еккені анықталды. Алқаптан жеті түп есірткі өсімдігі тәркіленді. Өз кезегінде тұрғын, аталған есірткіге ұқсас өсімдікті егіп-өсіргенін толығымен мойындады. Сондай-ақ айғақты зат ретінде алынған өсімдіктерге сот-сараптамалық зерттеу тағайындалды. Сараптама нәтижесімен алынған түптер сора есірткі заты болып шықты. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, күдіктінің бас шарасы “қолхатта”.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері заңсыз, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді еккені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Оған қоса тәртіп сақшылары есірткінің қоғам дерті екендігін ұмытпай, оны өсіріп, қолданып, тасымалдағандармен күресуді күшейтуде. Сондықтан Сіз, есірткі бойынша қандай да бір ақпараттарды білсеңіз бірден полицияның “102” нөміріне хабарласыңыз. Бұл өз кезегінде есірткіге байланысты қылмыстардың азаюы мен жолын кесуге септігін тигізеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру