Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығының 10 жайтын ашты

Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығының 10 жайтын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мал ұрлығының жолын кесу мен ашу бойынша жұмыстарды жандандыру мақсатында Түркістан облысы аумағында «Мал ұрысы» жедел алдын алу шарасы өтті. Жедел алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері 10 қылмысты ашты, оның ішінде сегізі бұрын жасалған қылмыстар. Сондай-ақ ұрланған 50-ден астам мал тәртіп сақшыларының нәтижелі жұмысының арқасында заңды иелеріне қайтарылды.

Мәселен, жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары Бәйдібек ауданынан мал ұрысын ұстады. Яғни ауыл тұрғындарының бірі аудандық полиция бөліміне малының ұрланғаны туралы арызданған. анықталғандай қаскүнем жайылымнан үш қойды жымқырған. Содан кейін оны сатып, түскен ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Тәжірибе көрсеткендей, малдың жоғалуы көп жағдайда малды жайылымға қараусыз жіберетін ауыл тұрғындарының ұқыпсыздығынан да болады. Демек өз бетінше жайылған төрт түлік қорадан ұзап кетіп, ұрылардың көзіне түседі. Ал қорадан мал жымқырып жүрген барымташылар мұндай сәтті мүлт жібермейді. Оған қоса «Мал ұрысы» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде тәртіп сақшылары 16 жергілікті тұрғынның малдарын тәркілеп, қайтарып берді.

Ағымдағы жылдың қараша айында полицияға Жетісай ауданының тұрғыны жалпы сомасы бір миллион теңгеден асатын төрт жылқысының жайылымнан жоғалғанын айтып, арызданған. Іздестіру шараларының нәтижесінде Жетісай АПБ-нің полицейлері жоғалған жылқыларды тауып, заңды иесіне қайтарып берді.

Мал ұрлығын болдырмау үшін полицейлер ауыл тұрғындарына мал жайылымына тек бақташылардың бақылауымен жаюды, сондай-ақ қоражайды қорғауға арналған шараларды қабылдауды ұсынады. Оған қоса мал иелері өз малдарына таңба мен ен салуы қажет.
Егер де сіз осыған ұқсас қылмыстың құрбаны болсаңыз, дереу полицияға 102 телефоны бойынша хабарлауыңыз немесе жақын маңдағы полиция пунктіне шағымдануыңыз қажет. Бұл полицейлерге қысқа мерзімде жоғалған малды тауып, мал ұрлығына қатысы бар азаматтарды ұстауға көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру