Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері “Қауіпсіз жол” іс-шарасы барысында мас күйінде көлік басқарған тұрғынды ұстады

Созақ ауданының полицейлері мас күйінде көлік айдаған жергілікті тұрғынды әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыс автожолдарында қалыптасқан жедел жағдайды жақсарту, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 2020 жылғы 18-20 қараша аралығында облыс аумағында “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шара барысында Созақ АПБ жеке құрамы аудан аумағында екі  тәулікте 160 құқық бұзушылықты анықтады.

Іс-шараны өткізу кезінде Созақ ауданының полицейлері күшейтілген қызмет түріне көшіріліп, елді мекендерден шығатын және кіретін жолдардың барлығына жылжымалы нарядтар қойылды.

Жеке құрам жол қозғалысы ережелерін қасақана өрескел бұзушыларды анықтауға бағдарланды. Оның ішінде қауіпсіздік белдігін қолданбау, ұялы телефон пайдалану, басып озып кету, автокөліктерді масаң күйде басқару, жолдың қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу, көше қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өтпесінен өту тәртібімен байланысты жасалған құқық бұзушылықтарға ерекше көңіл бөлінді.

Мысалы, полиция қызметкерлері қызмет өткеру барысында Шолаққорған ауылы Абылайхан көшесінің бойында “Фольксваген Пассат” маркалы автокөлікті жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін тоқтатуға тырысқан. Алайда жүргізуші полицейлердің заңды талаптарына бағынбай, кете берген.  Полиция қызметкерлері аталған құқық бұзушының көлігінің соңынан еріп, оны тұрғылықты мекенжайына келгенде ұстады.

Тексеру кезінде жүргізушінің мас күйінде көлік басқарғаны анықталды. Көлік айып тұрағына қойылды.

Мас жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) әкімшілік хаттама толтырылды.

Полиция қызметкерлері жиналған материалдарды заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберді.

Арыс аудандық сотының шешімімен жүргізуші жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру