Түркістан облысының полицейлері жалғыз басты анаға көмек қолын созды
Түркістан облысының полицейлері жалғыз басты анаға көмек қолын созды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыс АПБ-нің бастығы Нұрлан Исабековтің бастауымен және жеке құрам қызметкерлерімен бірлесе отырып, үлгі боларлық іс атқарды. Арыс қаласының тұрғыны жалғыз басты ана Перизат Бекзатованың үйіне арнайы барып, жағдайын біліп қайтты. Сондай-ақ азық-түлік жеткізіп, қайырымдылық жасады. Оған қоса денсаулығы жоқ екенін ескеріп, ақшалай да көмек көрсетілді.
Өз кезегінде Перизат Бекзатова тәртіп сақшыларына алғыс білдіріп, шынайы ризашылығын жеткізді.
– Полицейлердің еңбектеріне, жұмыстарына шынайы алғысымды білдіремін. Еңбектері еленіп, бала-шағаларының қызықшылығын көрсін. Осы кісілердің арқасында кішкентай қызым екеуіміз өз-өзімізге келіп жатырмыз. Тәртіп сақшыларына рақмет!
Арыс АПБ-нің басшылығы атап өткендей, мұндай бастамалар жеке құрамға үлгі боларлықтай және жас полицейлерді адамгершілік рухқа тәрбиелеуде берері мол болмақ.