Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері жоғалған шымкенттік тұрғынды отбасымен қауыштырды

Түркістан облысының полицейлері жоғалған шымкенттік тұрғынды отбасымен қауыштырды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің 102 пультіне тұрғындардың бірінен хабарлама келіп түсті. Оның айтуынша, Шұбар ауылынан 20 шақырым жердегі егістік алқапта тұрғындардан қорқып, қашып жүрген ер адам туралы хабар айтқан.

Хабарлама келіп түскен бойда полицейлер жылдам іске кірісіп, ер адамды тапты. Одан сұрастыру жұмыстарын жүргізгенде сөйлей алмайтын, денсаулығында ақауы бар ер азамат екені белгілі болды. Полиция қызметкерлері орта жастағы ер адамды бірден полиция бөліміне жеткізді. Жеке басын анықтау үшін Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы әріптестеріне фотосуретін жіберіп, таратты.

Нәтижесінде, оның жүйке жүйесімен ауыратын Шымкент қаласының тұрғыны екендігі белгілі болды. Оның туыстары полиция бөліміне келіп, жоғалған азаматты алып кетті. Полиция қызметкерлерінің жұмысына дән риза болған табылған ер азаматтың туысы ерекше алғысын білдірді.

– Қазіргі уақытта неше түрлі жағдайлар орын алып жатыр. Осы тұрғыда ағам үшін алаңдаған едім. Сіздердің жүйелі жұмыстарыңыздың арқасында ағам аман-есен табылды. Жұмыстарыңызға табыс, дендеріңізге саулық тілеймін. Отбасыларыңыз аман болсын, – деп атап өтті тұрғын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру