Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері жол ережесін өрескел бұзған шымкенттік жүргізушіні жауапқа тартты

Тәртіп сақшылары жол ережесін өрескел бұзғаны үшін «бейнеролик» кейіпкерін жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Түркістан облысы полиция департаментінің полицейлері «Facebook» қолданушыларының бірінің парақшасында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған видеоны тапты. Видеода белгісіз автокөліктің жүргізушісі жолда апатты жағдай туғызып, қарсы қозғалыс жолағымен жүрген. Белгілі болғандай, оқиға Түркістан облысы Отырар ауданы жолдарының бірінде орын алған.

Жол ережесін бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында тәртіп сақшылары іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде, Отырар АПБ-нің полиция қызметкерлері жүргізушінің жеке басын анықтады. Ол «Лада Приора» автокөлігімен қарсы жолаққа шыққан Шымкент қаласының тұрғыны екені анықталды.

Автокөлік иесіне қатысты полиция қызметкерлері екі бірдей баппен, яғни ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлігі (Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу) және ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабының 1-бөлігі (Ішкі істер (полиция) органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды. Тәртіп бұзушының автокөлігі айыппұл тұрағына қойылды. Жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Отырар аудандық сотына жолданды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жолаушыларға ЕСКЕРТЕДІ: жол қателікті кешірмейді! Жол қозғалысы ережелерін бұзбаңыз, оның ішінде жылдамдықты асырмаңыз, қарсы жолаққа шықпаңыз, маневр ережелерін бұзбаңыз!

Тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушыларға жол ережесін қатаң сақтауға кеңес береді, ең бастысы мас күйінде рульге отырмау керектігін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру