Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан полицейлері 4 тонна қызанақ әкеліп беремін деп тұрғынды алдаған алаяқты ұстады

Түркістан полицейлері төрт тонна қызанақ әкеліп беремін деп тұрғынды алдаған алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, алыс танысы көкөніс алып-сатумен айналысатынын айтып, одан арзан бағада төрт тонна қызанақ әкеліп беремін деп 750 мың теңге алған. Алайда ақшаны қалтасына басқан күдікті хабарсыз кеткен.

Аталған жайтты полицейлер ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, жедел іске кірісті.

Тәртіп сақшылары атқарған жедел шаралардың нәтижесінде, небәрі тәулік ішінде алаяқтық жайтына қатысы бар жергілікті тұрғынды ұстады. Ол жұмыссыз жүрген, бұрын-соңды осындай алаяқтық жайтымен сотталған ер азамат болып шықты.

Атқарылған жұмыстар барысында анықталғандай, күдікті ескі әдетіне басып, өз арам ойын іске асыру үшін жергілікті тұрғынды жолықтырып, қызанақ әкеліп беремін деген жалған уәде беріп, ақшасын алған. Осыдан соң уәдені орындамай, не ақшаны қайтармай жәбірленушіні әуре-сарсаңға салған.

Бұл ретте жәбірленуші өз ақшасын қайтарып алу мақсатында полицияның көмегіне жүгінді. Бүгінде ұсталған орта жастағы азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру