Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан полицейлері 7 ұрлық жайтына қатысы бар әйелді құрықтады

Екі бірдей облыста жеті ұрлық жайтын жасаған әйелді Түркістанның полицейлері ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, қалта ұрысының құрбаны болғанын жеткізді. Әйелдің айтуынша, ол күндізгі уақытта Түркістан қаласында орналасқан сұлулық салондарының бірінің  қызметін алуға барған. Содан арадан біршама уақыт өткенде қасында тұрған қол сөмкесін таппай қалған. Сөмкенің ішінде тұрғынның 200 мың теңгеге жуық ақшасы мен құны 170 мың теңге тұратын “Samsung A11” маркалы ұялы телефоны болған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді.

Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында қалалық полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары көрген-білгендерден жауап алып, бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде күдіктінің ұрлық жасаған сәтіндегі бейнежазба анықталды. Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерімен аудан, қалалық полиция бөлім, басқарма полицейлері бірлесіп атқарған жан-жақты тексеру жұмыстарының арқасында үш тәулікте күдікті әйел Шымкент қаласында өзінің тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Ол бұрын сотты болған, жұмыссыз шымкенттік әйел болып шықты.

Анықталғандай, күдікті әйел өзінің бұрынғы соттылығына қарамастан, жеке мүддесі үшін өзгенің мүлкіне қол сұққан. Қол сөмке иесінің қарамай тұрғанын пайдаланып, өзінің теріс әрекетін жасаған. Сондай-ақ тәртіп сақшылары күдіктінің Түркістан қаласында жалпы үш жайт, Жетісай ауданында екі жайт, Қызылорда облысында тағы екі жайт қалта ұрлығы қылмысына қатысы барын анықтады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру