Түркістан полицейлері «синтетикалық есірткі» сақтаған шымкенттікті құрықтады
Түркістан облысының полицейлері «синтетикалық есірткі» сақтаған шымкенттікті құрықтады – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері есірткі қылмысының алдын алу бойынша күнделікті рейдтік жұмыстар жүргізуде.
Мысалы, осы бағыттағы шараларды жүргізу барысында Төлеби ауданындағы демалыс орындарының бірінде ер адамның әрекеті полицейлерге күдік тудырды. Содан соң оны тінту кезінде ер адамның шалбарының қалтасынан үш дана пакетке оралған есірткіге ұқсас зат табылды. Анықталған өсімдік тәркіленіп, сараптамаға жолданды.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша тіркеді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, табылған зат «синтетикалық есірткі» болып шықты. Салмағы үш грамға жуық. Ұсталған ер адам Шымкент қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Қазіргі таңда оның басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Күдікті қамауда. Төлеби АПБ-мен тергеу жұмыстары жалғасуда.