Түркістан тұрғындарын 12 млн теңгеге сан соқтырған алаяқ құрықталды
Түркістан тұрғындарын 12 млн теңгеге сан соқтырған алаяқ құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын жүгінген. Әйелдер өз арыздарында 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында танысы мектепке жұмысқа орналастырып беремін деп уәде беріп, қомақты қаржы алғанын көрсетті. Арадан 1 жыл уақыт өткенімен, жәбірленушілер не жұмысқа орналаспай, не берген ақшаларын ала алмаған. Осылайша алаяққа алданғанын түсінген тұрғындар полицейлерден көмек сұраған.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды.
Ақпарат алысымен шұғыл-іздестіру іс-шараларын жүргізген тәртіп сақшылары осы жайтқа қатысы бар күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Тәулік ішінде тұрғылықты мекен-жайынан ұсталған сезікті полиция бөліміне жеткізілді.
Анықталғандай, ол 10 бірдей тұрғынды алдап, 12 млн теңгеге жуық қаражат алған. Содан оңай жолмен келген ақшаны бас пайдасының қажеттілігіне жұмсап жіберген.
Бүгінде өз кінәсін мойындаған күдікті ер азаматқа қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды.