Түркістанда алаяқтыққа қатысы бар күдікті ұсталды
Түркістанда алаяқтыққа қатысы бар күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ арызданған жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғандығын жеткізген.
Танысы алты дана қошқарын қарызға алып, белгіленген мерзімде ақшасын қайтармаған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі – 810 мың теңге. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Түркістандық тәртіп сақшылары тұрғынның сеніміне кіріп, ақшасын қайтармаған күдіктіні тауып, қылмысты ашу мақсатында жедел-шараларды жүргізді. Нәтижесінде алаяқтық жайтына қатысы бар жергілікті тұрғын ұсталды. Ол бұрында алаяқтық жайтымен сотталған болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай күдікті оңай жолмен ақша таппақ болып бірнеше тұрғынды алдаған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктінің бас шарасы – қамауда.
Бүгінгі таңда алаяқтық жолмен азаматтарды алдап, сенімге кіріп, соңында полицейлердің көмегіне жүгініп жатқандар көбеюде. Сондықтан, Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері мүмкіндігінше сақ болып, кез-келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін айтады. Егер де сіз осындай қылмыстардың куәгері немесе құрбаны болсаңыз, онда міндетті түрде полицияның жедел желісі «102» нөміріне хабарласыңыз.