Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістанда мас жүргізуші полиция талабына бағынбай, қашуға тырысқан

Түркістан облысының Төлеби ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында патрульдеу жүргізу барысында полицейлер күдік тудырған Haval автокөлігін тоқтатуға әрекет жасаған, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алайда жүргізуші полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, көлігін тоқтатпастан оқиға орнынан кетуге тырысқан. Полицейлер құқық бұзушыны анықтап, көлікті тоқтатты. Оқиға тәртіп сақшыларының бейнетіркегіш құрылғысына толық жазылып алынған.

Тексеру барысында көлік тізгінінде 45 жастағы ер адам болғаны анықталды. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, жүргізушінің алкогольдік масаң күйде көлік басқарғаны расталды.

Құқық бұзушыға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.

Полиция азаматтарға алкогольдік масаң күйде көлік басқару өз өміріне ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне де тікелей қауіп төндіретінін ескертеді.

Жолдағы қауіпсіздік – әр жүргізушінің жауапкершілігі. Полиция көлік құралын мас күйде басқаруға жол бермеуге және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру