Түркістандық полицейлер аккумулятор мен электронды таразы ұрлаған күдіктіні ұстады
Түркістандық полицейлер аккумулятор мен электронды таразы ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі аккумулятор ұрлығы бойынша арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, түнгі уақытта белгісіз біреу оның Volkswagen Passat көлігінен аккумуляторын жымқырып, мүліктік зиян келтірген.
Оқиға орнына дереу шыққан жедел-тергеу тобы ұрлық қылмысын ашу үшін қажетті іздестіру шараларын жүзеге асырды. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті ретінде бұрын сотталған, Сарыағаш қаласының тұрғынын ұстады.
Тексеру кезінде жас жігіттің тағы бір ұрлыққа қатыстылығы анықталды. Ол темір қабылдайтын ғимарат есігінің құлпын бұзу арқылы ондағы электронды таразы мен қолына түскен түрлі темір-терсектерді ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 200 мың теңгеден асты.
Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Барлық жағдайлар мен ер адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр.