Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық полицейлер Жаңа жыл қарсаңында ерекше балаларды қуантты

Түркістандық полицейлер Жаңа жыл қарсаңында ерекше балаларды қуантты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Бала қуанса, әлем қуанады” деген ниетті алға тартқан түркістандық полицейлер кезекті игі іс-шараларын ұйымдастырып, ерекше балаларды қуанышқа бөледі. Тәртіп сақшылары Жаңа жыл мерекесінде Түркістан аумақтық балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына арнайы ат басын бұрды. Осында ем-дом қабылдайтын 21 балаға тосынсый жасады. Аяз ата мен Ақшақар болып киінген полицейлер балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында ойыншықтар мен тәттілерден құралған тарту-таралғыларын апарып, қамкөңіл балақайлардың езуіне күлкі ұялатты.

Осылайша мерекенің басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақарды көрген балалар қуанғандарын жасыра алмады. Кішкентайлар келген қонақтарға өздерінің өнерлерін көрсетті. Балалардың бірі ән айтса, келесі мың бұрала биледі, ал енді бірі тақпақтарын тарту етті.

Кездесу соңында тәртіп сақшылары сыйлықтарды үлестіріп, өздерінің полицей екендіктерін жеткізіп, әлемде ешбір бала жыламасын деп тілек білдірді.

– Құрметті достар, мерекелеріңмен! Жаңа жыл сендерге жақсылығын алып келсін. Барлық армандарың орындалсын. Ең бастысы дендерің сау болып, ауырмаңдар! Біз сендердің тыныш ұйықтауларың үшін күні-түні қызмет етеміз! Қашанда қолдау, көмек көрсетуге дайынбыз, -деп ақжарма тілектерін жаудырды.

Сондай-ақ оңалту орталығының басшылығы балаларды елеп-ескеріп келген полицейлерге ризашылықтарын айтты.

– Сіздер, бүгін біздің балаларымызға айрықша мереке тарту еттіңіздер. Демалыссыз атқаратын жұмыстарыңыздың арасында балаларға уақыт тауып отырсыздар. Шынын айтсақ, балалармен қатар, өзімізде қуанып тұрмыз. Біздің қорғаушыларымыз, қаламыздың тыныштығын күзететін сіздерге үлкен рақмет!, – деп атап өтті осы мекеме бастығының орынбасары Тұрғанкүл Құрбанкүл Дайрабаева.


Өз кезегінде балалардың оңалып, өмірге бейімделіп кетуіне барлық жағдай жасап отырған жандардың жұмысымен танысқан полицейлер, осы мекеменің медбике, тәрбиеші, психолог т.б мамандарына алғыс айтып, келер жылғы жұмыстарына табыс тіледі. Сондай-ақ мұндай іс-шараларды өткізуді алдағы уақытта да дәстүрге айналдыратынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру