Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық тергеушілер жыл басынан бері 700-ге жуық қылмыстық істі сотқа жолдады

Түркістандық тергеушілер жыл басынан бері 700-ге жуық қылмыстық істі сотқа жолдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқық қорғау қызметінің қиыншылықтарымен қоса қызыққа толы сәттері де бар. Оның ішінде тергеу саласы өз алдына бөлек әңгіме. Әр жасалған қылмыстық істің мән-жайын анықтап, дәлел-дәйектерді іздеу кезінде тергеушілер күнделікті қаншама жұмбақ оқиғалар мен шытырманға тап болады. Соның шешімін тауып, нақты айғақтармен жұмыс істеу оңай шаруа емес.

Бүгінде Түркістан облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасында нағыз өз ісінің майталмандары қызмет атқарады. «Тергеуші қашан да әділдіктің туын көкке көтеріп жүруі тиіс» деген ұстаныммен жүретін олар сертінен тайып, антынан айныған емес.

Түркістан облысы ПД Тергеу басқармасында қазіргі таңда 19 полицей қызмет атқарады. Әрқайсысы өзіне жүктелген тапсырманы, әрбір қылмыстық істі соңына дейін жеткізіп, анық-қанығын толық зерттеп білуге дағдыланған.

Ал бұл басқармаға басшылық етіп, қол астындағы қызметкерлердің бір жүйемен жұмыс жасауын бақылап, бағыт-бағдар беріп отырған Нұрмахан Жалғасовтың еңбегі орасан зор.

– Біздің қызметкерлер бір орында тұрып қалмайды. Қай кезде де тергеу саласының қыр-сырын білсем, кәсіби шеберлігімді шыңдасам деп үнемі ізденіс үстінде жүреді. Мұндай тергеушілерге жауапты жұмысты сеніп тапсыруға болады. Себебі өз саласына деген қызығушылығы мен ынта жігері бар адам кез-келген істің қалай болса да шешімін табады. Біз қылмыстық істі толық әшкерелеп, бұлтартпас айғақтарды ұсынып, заңды түрде әрекет етуіміз керек және осыған міндеттіміз, – дейді Нұрмахан Жалғасов.

Жазықтының лайықты жазасын алып, жазықсыздың жапа шекпеуі тікелей тергеушілердің жауапты жұмысына байланысты. Сол үшін Түркістандық тергеушілер жылдан-жылға жақсы көрсеткіштер көрсетуге ұмтылуда.

Біліктілігін арттырумен қатар қызметіне тиянақты тергеушілер күні-түні тынбай еңбек етуде. Оның бір дәлелі жыл басынан бері облыстық тергеу басқармасы әрбір істің мән-жайын толық тергеп-тексеріп, нүктесін қойып, түрлі баптар бойынша 696 қылмыстық істі сотқа жолдаған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру