Түрмеде кәдесый жасап үйренген ақтөбелік сотталған қайтарымсыз грант ұтып, өз бизнесін ашты
Есепте тұрған сотталғанның кәсіпкер атануына Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметінің инспекторлары көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жеке кәсібіне қол жеткізу үшін, Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметі есепте тұрған Сергейді «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша «кәсіпкерлік негіздері» курсына оқытты. Шәкіртақы алумен қатар, оқу курсы кезінде тәжірибе жинақтаған сотталған, өзінің бизнес- жобасын сәтті қорғап, нәтижесінде 556 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтады.
Есепте тұрған Сергей қайтарымсыз жарты миллион теңге қаражатқа шеберханасына қажетті құрал- жабдықтарды сатып алады. Қазіргі уақытта ол бір өзі кәдесый өнімдерін дайындаумен айналысып келе жатса да, болашақта жұмысшылар санын көбейтіп, тапсырыстар санын арттыруды да армандайды.
– Мен бостандықта болған кезімде өзіме табыс әкелетін іспен айналысуды армандадым. Алайда, жастықпен қателік жіберіп, темір тордың ар жағына қамалып, өмірімнің 12 жылын қатаң режимдегі түрмеде өткіздім. Алайда, «әр нәрсенің бір қайыры бар» демей ме? Түрмеде болған осы жылдарда мен ағаштан түрлі бұйым жасаумен айналысатын жеке кәсіпкерде жұмыс істеп, көп нәрсе үйрендім. Енді міне, сол түрмеде үйренген қолөнерлікті іске асырып, өз ісімді ашып отырмын.
Осы жерде «Бастау Бизнес» оқу курсынан өтуіме көмектесіп, сондай- ақ менің арманымның жүзеге асуына бірден-бір себепші болған Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметінің инспекторларына шексіз алғысымды айтамын. Дәл осындай іс-шаралардың мен сияқты аяғын шалыс басқандардың қоғамға тез бейімделуіне және енді ол қателікті қайталамауына ықпалы зор, – дейді сотталған Сергей.
Түзелу жолында келе жатқан есепте тұрған сотталғанның мінез-құлқына Пробация қызметінің инспекторлары да оң бағасын берді.
– Сергей 43 жаста болса да алдына мақсат қоя біледі және ең бастысы – ол түзелу жолында келе жатқан есепте тұрғандардың бірі. Біз оның өз бизнесін дамыту арқылы пробация қызметінің сенімін ақтап, қоғамға тез бейімделіп кететініне сенеміз, – дейді Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметінің инспектор-психологы Камшат Елтаева.