Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу мақсатында акция өтті

Түркістан облысының полицейлері «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясы аясында тұрғындарға психологиялық және заң кеңестерін берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ-нің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы халықты ақпараттандыру, олардың полиция органдарына сенімін арттыру, қоғамда отбасының рөлін нығайту мақсатында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» республикалық акциясын өткізу жоспарлаған.

Осыған орай Түркістан облысында ағымдағы жылдың 13-15 қараша күндері аралығында акция ұйымдастырылды. Акцияның негізгі мақсаты – дәстүрлі отбасылық құндылықтарын және қоғамның адамгершілік қағидаларын жаңарту, азаматтардың полицияға деген сенімін нығайту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңгерлік консультация беру, сондай-ақ өңірлерде сенім телефондары бар екені туралы халыққа хабарлау болып табылады.
Акция аясында ТО Полиция департаментінің аудан, қалалық полиция бөлімдеріне қарасты әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары тұрғындарға екі мыңға жуық арнайы түсіндірме қағаздарын таратып, қажеті орындарға 16 билбордтар ілінді. Акцияның үш күні аралығында үш тұрғынға психологиялық көмек көрсетілсе, 19 -ына заң кеңесі берілді. Оған қоса 28 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазығұрт, Шардара, Жетісай, Түлкібас, Шардара АПБ-нің қызметкерлерінің қатысуымен онлайн-брифинг, кездесулер ұйымдастырылды. Отырар, Созақ АПБ-нің инспекторлары көпшілік орындарға шығып, карантин режимінің сақталуын қамтамасыз етіп, медициналық бетперделермен қоса отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау тақырыбында жадынамалар таратып шықты.

Акция кезінде отбасында жәбір көрген жергілікті тұрғындардың бірі шағым түсірді. Әйел, Түлкібас АПБ-нің кезекші бөліміне күйеуінің мас күйінде отбасылық жанжал шығарып, ұрып-соққаны жөнінде хабарлап, полицияның көмегіне жүгінген. Сондай-ақ, тексеру кезінде осы уақытқа дейін маскүнемдік негізінде отбасылық-тұрмыстық жанжалдарды бірнеше рет жасағаны белгілі болды. Ер адамға қатысты Түлкібас АПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторлары ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігі (Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер) бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Сонымен қатар, «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» ҚР Заңына сәйкес Түлкібас ауданы тұрғынының жұбайына қатысты қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қорғау ұйғарымы шығарылды. Сондай-ақ, отбасылық-тұрмыстық қатынастардың алдын алу аясында әйелге өз құқықтарын қорғау бойынша психологиялық және құқықтық көмек көрсетілді.

Жалпы облыс бойынша акция аясында біршама отбасының жай-күйі тексеріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Полиция бөлімінің жеке құрамы, қызметкерлері әрдайым мұқтаж жандар мен көпбалалы отбасылардың мәселелерін баса назарда ұстап отыратындықтарын айтады.

Түркістан облысының полицейлері атап өткендей, мұндай акциялар өз жалғасын табатын болады. Отбасылық-тұрмыстық жанжалдар туындаған жағдайда тәртіп сақшылары азаматтарға полицияға «102» телефоны бойынша хабарласуды ұсынады.

«Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» деген, мақтан етер ұрпағымыз көбейсін. Ұрпағына мақтаныш болар қазыналы қарттарымыз көп болғай. Қазақтың әр отбасының керегесі кең, шаңырағы берік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Жыл басынан бері әйелдерге қатысты өткізілген әрбір зорлық-зомбылыққа қарсы акциялар барысында облысымыздың тәртіп сақшылары қоғамдағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасамауға, ауыр қылмыстарға бейімділік танытпауға, отбасындағы туындаған кикілжіңдерге түсіністікпен қарап, ажырасуға, зорлық-зомбылыққа дейін жеткізетін мәжбүрлікке бармауға кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру