Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ТЖ режимін бұзушылар көбейіп барады

11 күнде Түркістан облысында төтенше жағдай режимін бұзуға қатысты 54 дерек тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысының қаулысымен 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында республикамызда төтенше жағдай жарияланған болатын. Осыған сәйкес Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр. Яғни күндізгі және түнгі рейдтік жұмыстарды жүргізіп, төтенше жағдай кезінде іске асырылатын талаптардың сақталуын қадағалайды. Осылайша полицейлер төтенше жағдай режимін бұзған азаматтарды анықтап, хаттама толтырып жатыр.

Төтенше жағдай кезінде тәртіпке бағынбау жағынан Түркістан қаласының өзі көш бастап тұр – 12 дерек. Арыс пен Шардарада – 6, Кентау мен Келесте – 4, Жетісай, Шардара мен Мақтааралда – 3, Сайрам мен Қазығұртта – 2, Төлеби, Отырар, Ордабасы және Түлкібаста – 1 жағдайдан тіркелген.

Сарыағаш ауданында екі бірдей дәмхана иесіне айыппұл салынса, Мақтааралда беташар өткізген 3 тұрғынға шара қолданылды. Сақшылар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы (төтенше жағдай режимiн бұзу) бойынша хаттама толтырып, құжаттарды қалалық, аудандық соттарға жолдады.

Сот шешімімен 54 жайттың 25-іне 26 мың 510 теңгеден айыппұл салынды.

Бүгінде әлемді шарлап бара жатқан індеттің қауіптілігі ескеріліп, тұрғындардың сақтық шараларын сақтауы барынша қадағалануда. Сондықтан облыс полицейлері ескертеді, төтенше жағдай кезінде заң талаптарына сәйкес әрекет етіп, мүмкіндігінше медицина мамандарының айтқан талаптарын қатаң ұстанған дұрыс. Әрбіріміз мұндай шаралардың атқарылып жатқандығы ең алдымен өз қауіпсіздігіміз үшін маңызды екендігін ұмытпаңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру