Учаскелік инспекторлар әрдайым байланыста
Ішкі істер органдарының қызметкері, учаскелік полиция инспекторы өзінің қызметтік міндеттеріне байланысты халықпен ұдайы байланыс жасап, тұрмыстық және өзге де мәселелерді реттеуге жәрдемдесіп, отбасылық жанжалдарды шешуге қатысады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы өз қызметі туралы айтып берді. Оның сөзінше, жаңа басталған күн кешегі күн сияқты емес.
Бүгінгі таңда учаскелік полиция инспекторының жұмысы қоғаммен тығыз әріптестікке бағытталған, негізгі міндет азаматтардың өтініштерін түсініп, естіп, дұрыс жауап қайтару болып табылады.
Полиция капитаны Біржан Әбдіхалықұлы Намазбаев – учаскелік полиция инспекторы. Ол 1984 жылы 26 желтоқсанда дүниеге келген. Шымкент қаласындағы заң университетін бітірген, әуе-десанттық әскерінде қызмет еткен. 2015 жылы Біржан ішкі істер органдарына қызметке кіруге бел буады. Содан бері ол «Байқоңыр» ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы лауазымында жұмыс істейді және Республика даңғылы – Сейфуллин көшесі – Иманов көшесі – Бөгенбай батыр даңғылының аумағында қызмет көрсетеді. Бұл аумақта шамамен сегіз мың тұрғын тұрады. Күн сайын Біржан Намазбаев дереу шешім қабылдауды талап ететін көптеген мәселелер мен жағдайларға тап болады.
Учаскелік инспектордың жұмыс күні бос болмайды: кездесулер, жиындар, есептегі адамдардың тұрғылықты жері бойынша рейдтер, тәулік ішінде түрлі сипаттағы шақырулар, кеңестер, профилактикалық жұмыс.
Учаскелік инспектор күнделікті қызметте тек қолданыстағы заңнаманы біліп қана қоймай, психологиялық дағдыларды да басшылыққа алады, адам тағдырының әрбір тарихын, әрбір өмірлік жағдайды, отбасылық «драманы» өзі арқылы өткізіп, содан кейін құқықтық бағалау және жалпы жағдай негізінде шешім қабылдайды.
Жұмыстан бос уақытында Біржан Намазбаев бокспен айналысады, футбол ойнайды. Инспектор әкімшілік аумақ тұрғындарының пікірі бойынша полицияның үздік учаскелік инспекторларының бірі, сонымен қатар алты баланың сүйікті, қамқор әкесі. Жұбайы күйеуін үнемі қолдайды.
«Мен үйге оралғанда отбасым мені есікте күлімсіреп қарсы алған кезде барлық шаршауым басылады. Адамдардың көзінен шынайы ризашылықты көріп, олардан алғыс естуден және балаларымыздың қамсыз бақытты шағын көруден асқан бақыт жоқ», – дейді ол.