Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Учаскелік полиция инспекторларына жүктелген міндеттер орындалуда

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Ибраевтың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыс көлемінде 258 учаскелік полиция инспекторы және 64 учаскелік полиция инспекторының көмекшісі қызмет атқарады. Учаскелік полиция инспекторлары 2020 жылдың 12 айында барлығы 29 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, отбасылық жанжал шығаруға бейім 2422 тұлғаны есепке қойды, алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеу орындарына 182 тұлға орналастырылды.

Қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 36,6%-ға төмендеді. Оның ішінде, мас күйінде жасалған қылмыстар 21,6%-ға, бұрын сотталғандар жасаған қылмыстар 3,8%-ға, топ болып жасалған қылмыстар 18,5 %-ға және қару қолданып жасалған қылмыстар 52%-ға азайды.

Осы санаттағы қылмыстар санының төмендеуі облыс көлемінде қызмет атқаратын учаскелік полиция инспекторларының жүйелі жұмыстарының нәтижесі деп есептеуге болады. Дегенмен қазіргі таңда тиесілік нормаларына сәйкес облыс тұрғындарының санына шаққанда әлі де болса 192 учаскелік полиция инспекторы және 128 көмекшінің штаттық бірлігін енгізуді қажет етеді.

Мемлекет басшысы 2020 жылғы “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты ел халқына Жолдауында учаскелік полиция инспекторларына маңызды міндеттер жүктеп, жергілікті полиция саласын жетілдіруді тапсырды. Осыған байланысты, басты рөл құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы негізгі буын учаскелік полиция инспекторларына беріледі деп жоспарлануда. Учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін арттыру бойынша заңнамалық сипаттағы шаралар әзірленуде.

Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторларының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мәселесі бойынша қабылданған ұйымдастырушылық шаралардың нәтижесінде облыс әкімдігінің қолдауымен 2020 жылы учаскелік полиция инспекторларына 20 қызметтік “НИВА” автокөлігі табысталып, биыл оларды тағы 35 қызметтік автокөлікпен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Ішкі істер министрлігі облыс әкімдігімен учаскелік полиция инспекторларының қызмет сапасын арттыру және материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған өзара іс-қимыл жасасу меморандумын қабылдады. Аталған меморандум аясында учаскелік полиция инспекторлары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы профилактикалық жұмыстарды одан әрі жандандыратын болады.

Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес, ішкі істер органдарының қызметіндегі басты қағида қолжетімділік болуы тиіс. Учаскелік инспектор қазақстандықтардың сеніміне қол жеткізу үшін адамдармен ашық диалог жүргізуі қажет.

Жолдауда айтылған “Жұртқа жақын полиция” қағидаты учаскелік полиция инспекторларының қызметіне жаңа серпін берері анық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру