Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Үй ауласында қарасора өсірген Петропавл тұрғыны ұсталды

Петропавл полицейлері “Қарасора-2020” жедел-алдын алу шарасы кезінде құрамында есірткі бар өсімдікті заңсыз өсірумен айналысқан бірнеше адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қаласының 48 жастағы тұрғынының Заречный кентіндегі үйінің ауласынан 400-ден астам бұта қарасора табылды. Ер адамның құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді арнайы өсіріп жатқанын ауладағы жылыжайдың болуы және жылыжайдағы қыш құмыраларда өсіп тұрған бұталар куәландырады.

– Үйінің ауласын тексере келе гүл өсіретін қыш құмыраларда қарасора өсіп тұрған жылыжай анықталды. Үй иесінің айтуынша, жылыжайды арнайы қарасора өсіру үшін тұрғызған. Сондай-ақ, алынған өсімдік тұқымдары да осы фактіні растайды, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Полицейлер жылыжайдан 80 түп, ауладан тағы 355 түп қауіпті өсімдік тапты. Сонымен қатар, тінту іс-шаралары барысында қалалықтан түрлі калибрдегі жауынгерлік және травматикалық патрондар, аңшы қаруының магазині мен оптикалық көздеуіш табылды.

Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру фактісі жөнінде ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Ұсталған адамның айтуынша, ол өсімдікті жеке мақсатта пайдалану үшін егіп-өсіргенін, ал қару-жарақты қараусыз қалған ғимараттан тауып алғанын түсіндірген.

Полицейлер сотқа дейінгі тергеу барысында барлық ақпаратты тексереді. Барлық табылған қарасора түптері жойылды. Алынған есірткі – кептірілмеген марихуананың жалпы салмағы 5 килограмм 90 грамды құрады, бұл аса ірі көлемге жатады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сараптамалар, оның ішінде сот-баллистикалық түрі де тағайындалды, оның нәтижелері бойынша оқ-дәрілерді заңсыз сақтау фактісі бойынша жауапкершілікке тарту туралы мәселе шешілетін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру