Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұландық курсанттар Петропавлдағы ауыз суға арналған станцияны қорғап қалды

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының 400 курсанты су тасқынына байланысты Петропавл қаласының аумағындағы маңызды нысандарды судан қорғау жұмыстарына жұмылдырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

20 наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін академияның курсанттары СҚО-ның Прибрежный, Кожевенный, Ольшанка, Заречный, Бескөл елді мекендерінде, сондай-ақ Петропавл қаласының шеткі аймақтарындағы Солнечный, Береке, Подгара, Рабочий ықшам аудандарында су тасқынын болдырмау және апаттың салдарын жою жұмыстарын атқарып жатыр.

– Курсанттар су тасқынын тоқтату мақсатында қаптарды топырақ пен құмға толтырып, бөгеттерді күшейту жұмыстарына атсалысып келеді. Олар Солнечный, Береке, Рабочий ықшам аудандарында арықтарды тазалап, тасқын судың алдын алу жұмыстарын қолға алып, Бескөл кентінде судың көтерілуін уақытылы анықтау мақсатында қадағалау пункттерін қойды. Сондай-ақ академияның 400 әскери қызметшісі және 19 техникасы Петропавл қаласының елді мекендеріндегі (Ольшанка ауылы, Бескөл к., Горводоканал, Пестрый көлі, Лесхоз) су тасқынына қарсы жұмыстарды атқаруға белсенді қатысып жатыр, – деді Ұлттық ұлан академиясының бастығы Артур Тоқышев.

Сонымен қатар Ұлттық ұлан курсанттары, сарбаздары мен Қорғаныс министрлігінің жауынгерлері Петропавл қаласының “Қызылжар су” ЖШС-нің ауыз суға арналған сорғы станциясын тасқын қауіпінен қорғау үшін тосқауыл қою іс-шараларына тартылып, түні бойы кірпік ілместен тынымсыз жұмыс атқарды. Қолданылған тиісті шаралар мен курсанттардың жанқиярлық еңбегінің нәтижесінде қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылғылары іске қосылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру