Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұландықтар су басқан аймақтарда тәулік бойы қызмет атқарып жүр

Ұландықтар су басқан аймақтарда тәулік бойы қызмет атқарып жүр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының жауынгерлері су басқан және тұрғындар қалдырып кеткен елді мекендерді тәулік бойы бақылап отыр.

Елдегі біраз аймақтарда болып жатқан су тасқыны бүгінде күрделі мәселелердің бірі болып тұр. Осы жағдайда, Ұлттық ұлан жауынгерлері халыққа үлкен көмек көрсетіп жатыр. Ал жалпы алғанда, су тасқынына қарсы іс-шараларға құқық қорғау әскерлерінің бір жарым мыңнан астам офицерлері мен сержанттары, курсанттары мен сарбаздары жұмылдырылған.

Ұлттық ұлан жауынгерлері азаматтарды табиғи апат аймақтарынан эвакуациялауға белсенді қатысып жатыр. Сонымен қатар эвакуациялық пункттерге гуманитарлық көмек жеткізіп, иесіз қалған үйлерді тонауға жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлерімен бірге, көшелерді патрульдейді. Сол арқылы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек жағалауды нығайту, су бұру жұмыстарын атқарып, каналдарды тазартады.

Мәселен 6655 (Ақтөбе қ.) әскери бөлімінің 450-ге жуық әскери қызметшісі 4 ауысым бойынша 12 техниканың көмегімен тәулік бойы Кирпичный және Заречный кенттерінің су басқан көшелерінде ұры-қарының әрекетін болдырмау бойынша қызмет атқарып жатыр. Сондай-ақ ақтөбелік сарбаздар Шұбарқұдық және Ойыл елді мекендерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге қажетті Ақтөбе облысының әкімдігі ұсынған жанар-жағармай өнімдерін арнайы техникаларының көмегімен жеткізіп береді.

Сонымен қатар Қостанай облысындағы бірнеше аудандар мен қалаларда, оның ішінде облыс орталығының өзінде төтенше жағдай жарияланды. 6697 (Қостанай қ.) әскери бөлімінің 100 әскери қызметшісі Қостанайдың 4 ауданында, сондай-ақ Тобыл қаласында және Мичурин кентінде су басқан елді мекендерді қоршауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындап жатыр. Қалғандары үйлер мен мекемелерді күзету үшін патрульдік-бекеттік қызмет атқаруда. Олар су тасу қаупі жоғары жерлерге бейбіт тұрғындарды өткізбей тұр. Құқықтық тәртіп сақшылары қажет болған жағдайда жергілікті тұрғындарға жеке мүлікті, көлікті және үй жануарларын эвакуациялау бойынша көмектесуге әрқашан дайын екендігін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Тобыл өзенінің жағасын нығайтып жүрген сарбаздар мен олардың командирлері 13 мыңнан астам құм толтырылған қаптан 1500 метрден асатын және биіктігі 150 см болатын бөгет жасаған еді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру