«Ұлдарыма үлгі болғым келеді»
Тәртіп сақшыларының қызметі төзімділік пен ерік күшін нығайтады. Қызметкерлер арасында ерекше шығармашылық қасиетке ие тұлғалар өте көп. Олардың бірі – Арыстанбек Дәулетов.
Қызылорда қаласының тумасы. Әкесі Қасқырбек Дәулетов және анасы Мирамкүл Рахмузовна Қызылорда теміржол бекетінде көп жылдары еңбек еткен.
«Бала кезімде таңертеңнен бастап анам ыстық бауырсақ қуырып, кең дастарханға жиналатынымыз есімде. Әкем мен анам менің бойымда әрдайым адалдық, ашықтық, жауапкершілік сынды қасиеттерді тәрбиеледі», – дейді Арыстанбек.
2012 жылы ол Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша оқу бітірді.
2015 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қызылорда қалалық Полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің жол және техникалық тобының мемлекеттік автоинспекторы лауазымында аға лейтенант шенінде қызмет атқарып келеді.
Сауатты, жауапкершілігі мол қызметкер. Әріптестері оның қарапайым, адал, жауапты, қиын сәтте көмекке келуге дайын азамат екендігін айтады. Мінсіз қызметі үшін бірнеше мәрте марапатталған.
Жұбайы Аида Армановамен 2013 жылы отау құрған. Аида Облыстық медицина орталығының дәрігері. Арыстанбек пен Аида Бейбарыс пен Әлихан ұлдарын тәрбиелеп отыр.
«Мен қызметке келгенімде, отбасылы болдым, екі балам бар еді. Сондықтан жұмыстың, полиция қызметінің жауапты және ауыр екенін біліп жұмысқа тұрдым. Менің ұлдарым – менің өмірімнің мәні, шаршағанда көңілімді аулайтын жандарым. Менің ізбасарларым осылар. Үлкені Бейбарыс бес жаста. Онымен сөйлесу, ақылдасу өте қызық. Жақсы сурет салып, мені өз жетістіктерімен қуантып отырады. Өзім спортпен шұғылданамын, таңертең жүгіріп, олармен бірге жаттығу жасап, футбол ойнаймыз. Мен ұлдарыма әрдайым үлгі болғым келеді», – дейді Арыстанбек.
Елімізде жарияланған Төтенше жағдай режимінде Арыстанбек пен Аида күндіз-түні жұмыста. Отағасы патрульдік бекетте тынымсыз қызмет етеді, ал жұбайы Аида медициналық қызметкер болған соң шұғыл шақыртуларға жұмысқа барады. Мұндай уақытта балаларға әжесі қарап, оларға көмектеседі.