Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық құндылықты ұлықтаған тәртіп сақшысы

Ұлттық құндылықты ұлықтаған тәртіп сақшысы қызметі жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің Шыңғырлау аудандық полиция бөлімінде қызмет пен ұлттық құндылықты қатар алып жүрген полиция қызметкері бар. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын, тақымына серке қысқан көкпаршы азамат үшін ат – жай ғана көлік емес, қазақтың рухын, еркіндігін және ата-баба мұрасын айшықтайтын қасиетті жануар.

Райымбек Тилекшиев қоғамдық қауіпсіздік бөлімінде учаскелік полиция инспекторы көмекшісі қызметін атқарады.

Ол күнделікті жауапты қызметінен бөлек, жылқы баптауға да уақыт табады. Оның айтуынша, аттың күтімін жасау – еңбек пен төзімділікті талап ететін іс. Жұмыстан кейін ат қорасына барып, жануарларға күтім жасау оған ерекше күш-қуат береді. Табиғат аясында, тұлпардың жанында өткізген әр сәт жан дүниесін тыныштандырып, келесі күнгі қызметке сергек кірісуге мүмкіндік береді.

Ұлттық спорттың ішінде көкпарға ерекше қызығатын полицей түрлі додаларда бақ сынап, ат үстіндегі шеберлігін шыңдап келеді. Оның пайымынша, көкпар – тек жарыс қана емес, батылдықты, ептілікті, төзімділік пен намысты тәрбиелейтін ұлттық мұра.

Бала кезінен ауылдың тыныс-тіршілігіне қанығып өскен ол қазақы болмыс пен салт-дәстүрді сақтауды өмірлік ұстанымына айналдырған. Сондықтан да қазақылықтың қаймағы бұзылмаған туған жерінде еңбек етуді жөн көріп, бүгінде ел тыныштығын күзетіп жүрген полиция қызметкерлерінің қатарында абыроймен қызмет атқарып келеді.

Әріптестері оны өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, тәртіпке талапшыл, көпшілікпен тез тіл табыса білетін маман ретінде бағалайды. Ал ауыл тұрғындары болса, оны қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тәртіп сақшысы ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген азамат ретінде де құрметтейді.

Қызмет пен жеке қызығушылықты үйлестіре білген мұндай азаматтардың еңбегі өскелең ұрпаққа үлгі. Себебі елге адал қызмет ету мен ұлттық дәстүрді ұлықтау – бір-бірінен ажырамайтын ұғым. Ат жалында шыңдалған мінез бен полиция қызметіндегі жауапкершілік осы азаматтың болмысынан қатар көрініс табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру