Ұлттық ұлан қатарына жас сарбаздардың алғашқы легі келе бастады
Төтенше жағдай аяқталғаннан кейін мерзімді әскери қызметін өтеу үшін Ұлттық ұлан қатарын жас сарбаздар толықтыра бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солардың алғашқы легі Ақмола мен Павлодар облыстарынан шақырылған 102 жігіт 26 мамыр күні Ұлттық ұланның елордадағы 5573 әскери бөліміне келіп жетті.
Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен жас буынды саптық алаңда салтанатты жағдайда қарсы алды. Болашақ Отан қорғаушылар алдында әскери бөлім Сәкентай Шекарбеков сөз сөйлеп, жас сарбаздарды қатарға келіп қосылуымен құттықтады. Әскери қызметтің маңыздылығын айта
отырып, Отан қорғау ер адамға қасиетті борыш екенін жеткізді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен әскер қатарына шақыру биыл тамыз айына дейін созылғаны белгілі. Алайда, елімізде төтенше жағдай аяқталысымен әскер қатарына шақыру мен белгіленген әскери қызмет мерзімін өтеген жауынгерлерді запасқа шығару жанданған болатын.
Мамырдың 26 мен маусымның 8 аралығында Ұлттық ұланның 5573 әскери бөліміне 800-ден аса жас сарбаздарды шақыру көзделген. Сондай-ақ, маусым айының соңына дейін Отан алдындағы борышын өтеген 750-ден астам жауынгерді запасқа шығарып, туған жеріне жіберу жоспарланған. Жас шақырылым қызмет орындарына Ұлттық ұланның қызметтік автобусымен, ал запасқа шыққандар келісім аясында автобустармен жеткізілу үстінде. 1 маусымнан бастап теміржол көлігі арқылы тасымалданбақ.
– Мен Ақмола облысы Астрахань ауылының тумасымын. Елімнің азаматы ретінде Отан алдындағы борышымды өтеуді парыз санадым. Ұлттық ұлан қатарына «Алтыншы бекет» фильмін көргеннен кейін келуге бел будым. Фильм қаһарманының образы маған ерекше әсер етті. Оның шынайы кейпі болашақ Отан қорғаушыларға жақсы үлгі болады деген сенімдемін, – дейді жас сарбаз Медет Жақсылықов.
Жалпы маусым айының соңына дейін Ұлттық ұланға еліміздің барлық аймақтарынын жеті мыңға жуық жас буынды шақыру көзделсе, запасқа 6,5 мыңнан аса жауынгерді шығару жоспарланып отыр.
Айта кету керек, Отан алдындағы әскери борышын өтеуге келген жас сарбаздардың барлығы әскери бөлімдерге жетісімен коронавирусқа ПЦР-тестінен өтіп, 14 күн карантинге оқшауланады.
Ал елордаға жеткен жас шақырылым жас жауынгер курсынан өткеннен кейін Әскери ант қабылдап, тек содан соң ғана Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау қызметіне кірісетін болады.