Ұлттық ұланда «Погондағы жанұя» фотобайқауы басталды
Отан қорғаушылар күнін мерекелеу қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы әскери қызметшілерінің отбасылары арасында «Погондағы жанұя» фотобайқауы басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Фотобайқау әскери қызметшілер отбасының беделін қалыптастыру, Ұлттық ұлан мен қоғамда отбасылық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ, ата-ананың балаларына деген қамқорлығын арттыру және олардың бойында үлкенге құрмет көрсетуді ұялату мақсатында ұйымдастырылды.
Ерлі-зайыптылардың екеуі де Ұлттық ұлан әскери қызметшісі немесе құқықтық тәртіп әскерінде қызмет еткен болуы тиіс. Сондай-ақ, байқауға қатысушылар міндетті түрде әскери киімде болуы керек.
Дауыс беру Ұлттық ұланның Instagram желісіндегі national_guard_kaz ресми парақшасында өтеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «ұнайды» белгісінің саны бойынша анықталып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының грамоталарымен және сыйлықтарымен марапатталады.