Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланда сарбаздар аналары комитеті өкілдерімен дөңгелек үстел өтті

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен дөңгелек үстел ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары Жандос Омарқұлов пен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Умбетов және Бас басқарма басшылары қатысты. Сондай-ақ дөңгелек үстелге Ұлттық ұланға қарасты өңірлік қолбасшылықтардың және тікелей бағынысты әскери бөлімдердің офицерлері онлайн-форматта қосылды.

– Сіздердің пікірлеріңіз бен көзқарастарыңыз біз үшін әрқашан маңызды. Әскерде жүрген жастардың және олардың ата-аналарының моралдық-психологиялық күйіне назар аударып, жауынгерлердің алаңсыз қызмет етулеріне жағдай жасауда сіздердің де үлестеріңіз бар, – деп атап өтті Жандос Омарқұлов.

Сондай-ақ Ұлттық ұланға қарасты әскери бөлімдерде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға жасалған жағдайлардың жай-жапсары баяндалды.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының тыл басқармасының басшысы Самат Арғымбаев ата-аналар қауымын сарбаздардың тамақтану мәселесіне алаңдамауға шақырды. Өйткені бұл жөнінде әскери бөлімдер қолбасшылығының және тамақтану қызметтерін ұйымдастырушылардың қатысуымен алты айда кемінде бір дөңгелек үстел өткізіледі. Айта кетейік, онда әскери тамақтану сапасын жақсарту және анықталған олқылықтарды жою мәселелері қаралып тұрады.  

«Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Лилия Хайруллина әскери бөлімдерде сарбаздардың көтерінкі көңіл-күйде жүруіне ықпал ету үшін мерекелік дастарханның жиі ұйымдастырылып тұрғанын қалайтынын жеткізді. Ал аталған бірлестіктің тағы бір мүшесі Айнұр Татерова Ұлттық ұлан тәрбиешілерінен ата-аналардың балаларымен тұрақты байланысып тұрудың ықтимал жолдарын қарастыруды сұрады. 

Жиын барысында Лилия Хайруллина бірлестік атынан Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығына алғысын білдірді.

– Үнемі белсенді жұмыс атқарып жүрген әскери бөлім басшыларына да айтар алғысымыз зор. Біздің үнімізге құлақ асып, ата-аналарды толғандырған сауалдарға жауап бергендеріңізге ризамын. Әлі де бірлесе атқаратын жұмыстар жетерлік, – деді «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитеті» РҚБ басшысы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру