Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланның әскери қызметшісі самбодан Азия чемпионатында алтын алды

Ташкент қаласында самбо шеберлері арасында Азия чемпионаты өтті. Беделді турнирге құрлықтың мықты спортшылары, оның ішінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының өкілдері қатысты, — деп хабарлайды Polisia.kz.

64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, қатардағы Ержан Қоңыров алтын медаль жеңіп алып, тұғырдың ең биік сатысынан көрінді.

— Мен ішкі істер министріне, Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековке, Бас қолбасшылықтың дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Сатжан Әбішевке және мені қолдағандардың барлығына алғысымды білдіремін. Бұл жеңіс – командалық жұмыстың, біздің қолбасшыларымыздың сенімі мен қолдауының нәтижесі, — деп атап өтті марапаттау рәсімінен кейін Ержан Қоңыров.

Ержан Қоңыровты әкесі Қайыржан Қоңырұлы үлкен спортқа алып келді. Ол – КСРО-ның классикалық күрестен спорт шебері. Әкесінің ізімен Ержан самбоға 20 жылдан астам уақыт арнады және осы уақыт ішінде керемет нәтижелерге қол жеткізді. Ол самбодан спорт шеберлері арасында 2022 жылғы Қазақстан чемпионы атанды, 2023 жылы осындай жарыстарда үшінші орынға ие болды, ал 2024 жылы тұғырдың жоғарғы сатысына көтерілді. Сондай-ақ оның активінде 2023 жылғы Азия чемпионатының күмісі және 2024 жылғы қола медалі бар. Самбодан басқа, ол дзюдода да сәтті өнер көрсетті. 2022 жылы ол күмісті жеңіп алса, ал 2023 жылы чемпион атанды. Бүгін оның спорттық қоржыны тағы бір беделді марапатпен толықты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру