Ұлттық ұланның Павлодардағы әскери бөліміне сарбаздардың алғашқы легі барды
Ұлттық ұланның Павлодардағы әскери бөліміне сарбаздардың алғашқы легі барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланның Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөліміне жас толымның алғашқы легі Абай облысынан барды. Әскер қатарына жаңадан келген сарбаздарды жауынгерлік өмірге бейімдеу қажет. Ол үшін әскери психолог мамандар әскерге келген әр сарбазбен жеке әңгімелесулер жүргізіп жан-жақты зерделеп, әрі қарай әскери өмірдің қыр-сырын үйрету мақсатында взвод командирлеріне табыстайды.
– Еліміздің бес облысынан әскери бөлімге келетін 2-2026 жылғы шақырылым сарбаздарының саны екі жүзге жуық болады. Жас толымның алғашқы легін теміржол вокзалынан әуелеген оркестр әуенімен қарсы алдық. Жас толықтырушыларды әскери бөлім басшылығы, оқу пунктінің әкімшілігі салтанаты түрде күтіп алды. Оларға әскери бөлім алдында қойылған міндеттері жеткізіліп, бөлім тарихы мазмұнды түрде баян етілді, – дейді 5512 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы Ерсұлтан Қадырбаев.
Әскери бөлім күні ертең Алматы, Көкшетау, Шығыс Қазақстан облысынан және Астана қаласынан келетін жас толыммен толығады. Жоспарға сәйкес, жаңадан келген сарбаздар бір ай бойы жас жауынгер курсынан өтеді. Жас толым үшін Отан алдындағы борышты өтеу – алға қойған алғышарттардың бірі.
