Ұрлап алған банк картасымен сауда жасаған ақтөбелік анықталды
Ұрлап алған банк картасымен сауда жасаған ақтөбелік анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылғы 8 желтоқсанда полицияға 25 жастағы ақтөбелік хабарласты. Оның айтуынша, аудан орталығына таксимен бара жатқан жолда қасындағы жолаушы оның әмиянын ұрлап кеткен.
Криминалдық полиция қызметкерлері бейне бақылау камераларының көмегімен 29 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті дүкендердің бірінде жәбірленушінің картасымен сауда жасаған.
ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, ұсталған адамның басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Шығын сомасы 18 мың теңге.
Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Полиция департаменті азаматтарға автокөлікте заттарыңызға ие болуды, атап айтқанда орындықтарда жеке заттарын (сөмкелер, ноутбуктер, ұялы телефондар және басқа да бағалы заттар мен құжаттар) қалдырмауды ескертеді. Өз мүлкіңізге мұқият қараңыз.